Алматы маңында газ жүйесіне қосылу бағасы екі есеге дейін арзандады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы маңында қалаға қосылған аумақтарда газ жүйесіне қосылу бағасы екі есеге дейін арзандап, жалпы қала бағасымен теңестірілді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Егер бұған дейін қаланың бірқатар секторларында газ желісін салу және осы бойынша техникалық қызмет көрсетумен айналысатын компаниялардың қоятын бағасы - 300-600 мың теңге болатын. Ал 1 наурыздан бастап, бұл баға жалпықалалық бағамен теңестірілді.

Бүгінгі таңда Алатау және Наурызбай аудандарында «Тәуекел Т» ЖШС газ желісіне қосылу бағасы - 190 мың теңге. Ал бұл аудандарда 700-дей тұрғын үй газ желісіне қосылуға мұқтаж.

Компаниядағылар жаңа баға саясатын қалыптастыра отырып, нарықтың қазіргі жағдайын, тұтынушылардың мүмкіндігін және осы аудандардың жеңілдік алуға құқығы бар тұрғындарының мүддесін ескерді.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектер және Ауған соғысының ардагерлері газ желісіне 30 пайыз, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар 50 пайыз арзан бағамен қосыла алады. Ал Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін газ желісіне қосылу тегін.

Бостандық ауданында орналасқан және газдандырылмаған 375 тұрғын үй үшін әрбір отбасына «СервисСтройХолдинг» ЖШС газ желісіне қосылу шамамен - 320 мың теңге болады.

Бұл қымбатшылық жергілікті газ бөліп тарату жүйесінің ерекшелігіне байланысты. Яғни, бұл жерде қосымша газ жабдығын орнату қажет.

Айта кетелік, бүгінде қаланың газ шаруашылығы нарығының 70 пайызын қамтитын «ҚазТрансГаз-Алматы» ЖШС газ желілеріне қосылу - 180 мың теңге шамасында. Сондай-ақ, компания 1 мыңдай алматылық тұрғынға газ желісіне лизинг бойынша қосылуға мүмкіндік береді. Яғни кредитормен бір жыл ішінде есеп айырысуға болады.

Соңғы жаңалықтар