Алматы маңындағы таулы курорттар арқанжолмен байланыстырылады
Алматы өңірі бірегей табиғи дестинацияны ұсына алатынына тоқталған министр, осыған байланысты аталған өңірдегі таулы кластер туризмді дамытудың негізгі драйвері ретінде таңдалғанын атап өтті.
А. Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, кластерді жаңғырту үшін ең тиімді қаржылық модель іске қосылады.
«Алматы өңірін өте жақсы білесіздер. Аталған аумақ тау шаңғысы саласын дамытудың ең ірі орталықтарының бірі бола алады. Себебі қазіргі кезде бізде Шымбұлақ, Табағанда тау шаңғысы кластері, сондай-ақ өзге де нысандар бар. Егер де біз бірінші кезеңде оларды өзара арқанжолмен байланыстырсақ, онда тау шаңғысы желісінің инфрақұрылымы пайда болады. Осы орайда қысқы демалыс түрлерінен бөлек, жазғы кезде жаяу жүру, атпен және велосипедпен серуендеу бағыттарын дамыта аламыз. Бүгінде жүздеген адам таулы туризмді өздері игеріп жатыр. Бізге тек оларды инфрақұрылыммен байланыстыру керек. Мәселен, Ақбұлақтан арқанжолмен Шымбұлаққа емін-еркін жетуге болады. Одан ары қарай арқанжолды Қаскелеңге және Түргенге дейін тарту қажет», - деді А. Мұхамедиұлы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде туристік саланы дамытуға арналған Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы электрондық виза тетігі қашан енгізілетінін айтты.
Сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев келер жылы авиабилеттер арзандауы мүмкіндігін мәлім етті.