Алматы-Мәскеу бағыты бойынша толығымен жаңартылған пойыз жолға шықты
Пойыз құрамындағы вагондар 20 - 28 жыл бойы қолданыста келеді. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресей мен Қазақстанның ірі мегаполистерін байланыстыратын халықаралық теміржол көлігі «Алатау» деп аталды.Бұл пойыз заманауи талаптарға сай. Онда жолаушыларға ең жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Әр купеде жайлы интерьер мен ыңғайлы диван, радио және DVD - ойнатқышы бар теледидар орнатылған. Жолаушылардың бос уақытына және тұрмыстық қызметтің уақытында көрсетілуіне баса назар аударылған. Пойызда оларға түрлі үстел ойындары, шағын кітапхана, тігін және тазалық жинақтары ұсынылады. Сонымен қатар жолаушылар газет, журналдардың жаңа нөмірлерін оқи алады. «Алатау» пойызы 3 типті (СВ, купе, плацкарт) және мейрамхана вагоны бар. Алматы - Мәскеу бағыты бойынша аптасына 4 құрам қатынайды. Жыл соңына дейін қосымша жаңартылған үш құрам іске қосылмақ. Алматы мен Мәскеу қалаларының ара қашықтығы 4015 шақырым. Жолға кететін уақыт 78 сағат 40 минут.
«Қызмет сапасы артқан әрі ыңғайлы жолаушылар пойызы көпшіліктің көңілінен шығады. Вагондарды қайта жөндеуден өткізу кезінде оның сыртқы және ішкі дизайнына көп көңіл бөлінген. Мәселен, вагондарды дайындау кезінде заманауи материалдар мен технология пайдаланылды. Вагонның сыртқы жағын көгілдір түске бояп, сары түспен ұлттық ою түсірген. Барлық вагондарда металл пластигінен жасалған терезелер орнатылған. Жатын және купе вагонындағы ескі перделер ролл-перделермен алмастырылған. Сөрелер қатты тартылып жасанды былғарыны алмастыратын сапалы материалдармен қапталған», делінген таратылған хабарламада.