Алматы мәслихаты 2022 жылға дейін жол жөндеуге 5,6 млрд теңге бөлді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі қала көшелеріндегі жолдарды жөндеуге мердігерлермен 4,5 жылға келісім жасасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәслихат депутаттары бүгін «Жолды ағымдағы жөндеу» жобасын бекітті. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асылады.
Алматы қаласының жолдарына 2022 жылға дейін 4 мердігер жауап береді.
«Бұл жоба - еліміздегі ең алдыңғы қатарлы жоба. Жекеменшік инвесторлармен біріге жасалған жұмыста жөндеу сапасы артатынына сенімдіміз. Жұмыстар 4,5 жылда 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Жобада 4 лот бар. Әр лотта 2 аудан бөлінген»,- деді қалалық көлік және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Нұржан Исабеков.
Жобаның жалпы құны 5,6 млрд теңге. Ұзақмерзімді бағдарлама аясында қаладағы барлық жолдарында 60 аса жұмыс түрі орындалады.