Алматы медициналық сақтандыру қоры бөлімшесінің жұмысы қалай жүзеге асады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Open Almaty алаңында қалалық медициналық сақтандыру қоры бөлімшесінің өкілдері халықпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қор директоры Тілеухан Абаилдаев құрылымның жұмысы туралы айтып берді.
«Біз қазір адамдарды тіркеу науқанын жүргізіп жатырмыз. Адам санына қарай көрсетілетін медициналық қызмет көлемін анықтап жатырмыз. Бұл жұмыстарға арнайы құрылған комиссия араласып жатыр. Комиссия құрамына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіподақ мүшелері, қоғам қайраткерлері кіреді. Биыл штатта 14 адам бар. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетілетін медициналық қызмет құнын тереңірек зерттейтін боламыз. Сондықтан, штат кеңейеді», - деді Тілеухан Абаилдаев.
Оның айтуынша, қор кепілдендірілген сақтандыру медициналық көмегі аясында қаржыландыру жүргізеді.
«Келесі жылдан бастап қорда азаматтардың арызы қаралмайды. Бұл сұрақтың бәрі Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы, медициналық қызмет ақысын төлеу департаментінің құзырына беріледі.
Бұл салада жекеменшік ұйымдардың тәжірибесі мол.Биыл базалық тізім жасалды. Қосымша 65 ұйым МӘМС аясында қызмет көрсетуге ынта білдірді»,- деді ол.
Бүгінде Алматыда қала тұрғындарын емханаға тіркеу жүргізіліп жатыр. Тіркелген азаматтар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті тегін алады.
Алматыда тұратын шетелдік азаматтар, Қазақстан азаматтары МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымды өздері таңдайтын болады. Акция 12 қарашаға дейін жалғасады.
ҚР Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс екендігін айтқан болатын.
«Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.
Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын», - деген болатын мемлекет басшысы.