Алматы мектептерінде 193 кезекші сынып ашылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылында Алматыда 193 кезекші сынып ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа оқу жылына барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Мектептер дайын. Алматыда 193 кезекші топ ашылады. Бірінші сыныптар – 133, қалғаны - екінші сынып оқушылары үшін. Әр сыныпта 15 баладан оқиды. Сабақ 40 минутқа созылады «, - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев кезекші топтардағы балалардың қауіпсіздігі ерекше назарда болатынын атап өтті.
«Оқушы парталарының арасы 1 шақырым қашықтықта, парта мен орындық әр балаға жеке бекітілген. Әр сабақ өткен сайын сыныптар іші желдетіледі және кварц жүргізіледі, оқушылар мен мұғалімдер қолын жуып, антисептик қолданады. Мектептерде медициналық кабинеттер және мектеп инспекторлары тұрақты жұмыс істейді. Қаланың барлық мектептері туннель, санитайзер, тепловизор, аяқкиім кілемшесі сияқты дезинфекциялық және санитарлық қауіпсіздік заттарымен қажетті көлемде қамтамасыз етілген»,– деді қала басшысы.
Оның айтуынша, қашықтан оқыту үшін 75 мыңнан астам оқушы мен 2 мың мұғалім компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі.
«Интернет желісіне мұқтаж 22 мыңнан астам оқушы ұялы мәліметтері бар SIM-карталармен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, интернеті жоқ мұғалімдерге мектептерде қажетті санитарлық шараларды қамтамасыз ете отырып, онлайн-сабақтар өткізуге мүмкіндік беріледі»,– деп толықтырды Бақытжан Сағынтаев.