Алматы мектептерінде балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса көңіл аударылған - Рахат Шимашева

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен қалалық мәслихатта Алматы қаласы білім басқармасының бастығы Рахат Шимашева айтты.
Оның айтуынша, қаланың барлық мектептеріне, Білім басқармасы мен Орталық бақылау орынына ақпарат келіп түсетін бейнебақылау жүйесі орнатылған. «Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 87 миллион 559 мың теңге жұмсалды. Республика көлемінде тек Алматы қаласының мектептерінде ғана қауіпсіздік кешенді жүйесі бар. Әр мектепте 8 бейне камерадан орнатылған. Бақылауды өз дәрежесінде толық қамту үшін бұл әлі аз, қосымша тағы да 8 бейне камера қажет», - деп атап өтті Р.Шимашева.
Оның айтуынша, қаланың білім мекемелерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету әрдайым Білім басқармасының бақылауында. «2009-2010 оқу жылында оқу әдебиеттерін алуға жергілікті бюджеттен 867 млн. 173 мың теңге бөлінсе, 2010-2011 оқу жылында 999 млн.616 мың теңге бөлінді. Бұл қаражат өткен жылмен салыстырғанда 132 млн. 443 мың теңгеге артық»,-деді ол.
Рахат Шимашева сонымен қатар: "Биыл осымен алтыншы жыл қатарынан 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатқа 2011 жылы 2 млрд. 792 млн. теңге бөлінді, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 429 млн. теңгеге көп. Бір оқушыға шаққанда тамақтың бағасы 220 теңгеден 250 теңгеге артты",-деді.