Алматы мектептеріне кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2023 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерде турникет, дабыл түймелері мен бейнебақылау жүйесі орнатылады. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы мектептеріне кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіледі

«Келер жылдан бастап мектептерде кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіліп, дабыл түймелері, өту жүйесі (турникеттер), өрт қауіпсіздігі жүйесі, полицияның жедел басқару орталықтарымен біріктірілген бейнебақылау камералары орнатылады. Біз бұл жобаны үш жылдық сервистік үлгі бойынша қаржыландыруды жоспарлап отырмыз, жалпы қаржыландыру көлемі - 4,9 млрд теңге. Ал 2023 жылға арналған бюджет жобасында осы мақсаттарға 1,6 млрд тенге бөлінді», - деді спикер.

Айтуынша, заманауи инфрақұрылымды жақсарту арқылы 2025 жылға дейін барлық мемлекеттік мектептер физика, химия, биология, информатика және робототехниканың жаңа буынының пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етіледі.

«Тек 2023 жылдың өзінде жаңа модификациядағы 168 шкаф сатып алынады, оған жергілікті қордан 2,1 млрд теңге бөлінді», - деді Әсем Нүсіпова.

Сондай-ақ ол Алматыда 2023 жылдан бастап 7,7 мың оқушы үшін «Мектеп автобусы» жобасы басталатынын тілге тиек етті.

«Алматыда оқушыларды тасымалдаудың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап қаланың 8 ауданындағы 29 мектепте 7,7 мың балаға арналған «Мектеп автобусы» жобасы басталады», - деп атап өтті ол.