Алматы мектептеріне турникет пен дабыл түймелері орнатылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуінде 2023 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерде турникет, дабыл түймелері мен бейнебақылау жүйесі орнатылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімімен кездесуге келген Әуезов ауданы тұрғындарының бірі Ерболат Досаевтан мектептерге дабыл түймелерін орнату, басқа да сақтық шараларын қарастыру мәселелері туралы сұрады.
«Бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттік мектептер үшін үш элементті қамтитын бағдарлама әзірленеді: дабыл түймесі, турникет және бейнебақылау жүйесі. Жекеменшік мектептер өзін-өзі қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттік мектептер үшін бағдарлама ұсынылады. 2023 жылы іске асыра бастаймыз», - деді Ерболат Досаев.
Бұған дейін Алматының қанша мектебіне видеобақылау камерасы орнатылғаны туралы жазған едік.