Алматы мектептерінің 41 пайызы жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықталған - қала әкімі А.Есімов
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жаңа ғасыр №175 гимназияның алғашқы қоңырау салтанатты рәсіміне қатысып, мектептің оқу жылына деген дайындығымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімі оқушыларды бүгінгі жаңадан басталып жатқан оқу жылдарымен құттықтай келе, олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалғандығын жеткізді. "Бүгін қаламыздың 181 мектебінде 159 мың бала білім алуда. Оның ішінде 15 мың бала мектеп табалдырығын бүгін бірінші рет аттап отыр. Оқушылар үшін бұл үлкен есте қалатын жағдай. 12 мың 104 ұстаз сіздерге өздерінің білімін, тәлім-тәрбиесін беріп, үлкен өмірге дайындайды. 181 мектептің 74-і, яғни 41 пайызы жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықталған мектептер", дейді А.Есімов.
Қала басшысы сонымен қатар еліміздің өркениетті елдердің қатарынан көрінуі үшін жастарымыз білікті, білімді болып, отанын сүйуі керектігін айтып өтті. "Осы жастық шақ, яғни білім алатын кезеңде сіздер уақытты бос өткізбей барлық күш-жігер, ынталарыңызды білімге салыңыздар", деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Осыдан 5 жыл бұрын ашылған №175 гимназия қазақ және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытуға арналған. Бүгін бұл мектепке 151 оқушы бірінші сыныпқа қабылданып отыр. Мектепте 100 компьютер, 7 интерактивтік тақта, физика, химия, биология пәндерінің арнайы сыныптарымен қоса мультимедиялық кабинеттері бар. Сонымен қатар 3 спортзал және асханамен қамтылған мектепте заманға сай тәрбие, білім алуға толықтай жағдай жасалған.