Алматы мектептерінің бірінде бірінші «Ю» сыныбы ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Ю» әрпімен белгіленген бірінші сынып №157 жалпы білім беретін мектепте пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол қаланың Наурызбай ауданында орналасқан. Биылғы оқу жылында бұл мектептің 1-ші сыныбына 714 бала қабылданды. Бірінші сынып оқушылары 28 сынып-жиынтығына бөлінді. Офлайн оқытуды ұйымдастыру кезінде сыныптардың толықтырылуы 25 оқушыдан аспайды.
«Alma City», «BI Group» және «Шұғыла» жаңа ықшам аудандарының салынуына байланысты мектепте сынып-жиынтықтар саны артты. Жалпы, бұл мектепте 1-ші сыныптан 11-ші сыныпқа дейін биылғы оқу жылында 4862 оқушы бар. Олар 185 сынып-жиынтыққа бөлінген»,-деді Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мектепте бұған дейін ата-аналардың өтініші бойынша 1118 оқушы онлайн оқытуға көшкен болатын. Сондықтан осы оқу орнында офлайн форматта 177 сыныпта оқитын болады. Олар екі ауысымға бөлінген: 88 - бірінші, 89 - екінші. Ол үшін мектепте 95 кабинет бар.
Мектеп бойынша барлығы офлайн режимде 2 ауысымда 177 сынып-білім алушылар оқиды. 1 ауысымда 88 және 2 ауысымда 89 сынып жиынтығы.
Автор: Думан Арғынгелді