Алматы мемлекеттік кірістер департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Ернар Мақажанов мемлекеттік кіріс органдарында сыбайлас жемқорлықты төмендету бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы айтты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алматы қаласы ӨКҚ алаңында сөз алған спикер ескерту және алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға баса назар аударды. Егер бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл оның салдарымен күреске бағытталса, кінәлі азаматтарды қылмыстық жазалаудан көрінсе, қазір алдын алуға баса көңіл бөлінуде.
Бұл жұмыстар Ұлт жоспарының 13-ші қадамын орындауға бағытталған. Құжатта сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бөлімше құру жайлы айтылады.
Ержан Мақажанов бақылауды қамтамасыз ету, шаралар қабылдау мақсатында барлық кеден бекеттерінде, аудандардың мемлекеттік кірістер басқармаларында веб-камералар орнатылғанын атап өтті. Оның көмегімен МКД лауазымды тұлғаларының қызметіне мониторинг жүргізіледі. Барлық сыбайлас жемқорлық жайлы хабарлауға болатын ақпараттық парақтар орналастырылды, онда телефондар көрсетілді.
«Жыл басынан бастап МКД лауазымды тұлғаларына қатысты 42 қылмыстық іс тіркелді. Оның 20-сын МКД ішкі қауіпсіздік күштері ашты. Жыл басынан бастап 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, ағымдағы жылғы 11 айда Ішкі қауіпсіздік басқармасына лауазымды тұлғаларға қатысты 140 шағым және жеке, заңды тұлғалардың өтініштері келіп түсті», - деп хабарлады ол.
Басқа органдардан келіп түскен шағымдар, өтініштер мен материалдарды қарау аясында 86 қызметтік тексеру жүргізілді және 55 лауазымды тұлға, қызметтік тергеу жүргізілмей, ІҚБ-ның баянат етуінің негізінде 41 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік кірістер органдарынан 7 адам жұмыстан шығарылды. Ернар Мақажанов ұсақ бұзушылыққа да, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеті үшін де тәртіптік жауапкершілікті күшейтуге баса назар аударылғанын атап өтті.
Сонымен, бүгінде мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін МКД 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл уәкілетті органымен бірлесіп кәсіпкерлер және сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының пара беру фактілерін анықтау жұмыстары жандандырылды.
Тұтастай республика бойынша өткен жылдан бастап ішкі қауіпсіздік күштері МК органдары қызметкерлеріне пара берудің 25 фактісін тіркеді. Бүгінде пара берушілердің жартысы сотталды. Оларға айыппұл төлеуден бастап бас бостандығынан айыруға дейін жазалау шаралары қолданылды.
«МК органдарында пара алуды әшкерелеуге жәрдемдескен, заңға мүлтіксіз қызмет еткен қызметкерлерді көтермелеу шаралары қабылдануда», - деп атап өтті Ернар Мақажанов.
Қорытындылай келе, ІҚБ департаменттің лауазымды тұлғалары арасында сыбайлас жемқорлықты анықтау, пәрменді алдын алу жұмыстарын жүргізу, лауазымды тұлғалардың пара беру фактілерін анықтау жұмыстарын одан әрі күшейте бермек.