Алматы мен Алматы облысы аумағында «Жер - 2009» республикалық оқу-жаттығуы өтуде
rong> Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында аймақта болуы мүмкін зілзала мен төтенше жағдайлардың алдын-алу және салдарын жоюға арналған «Жер - 2009» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өтуде.
Бүгін оқу-жаттығу барысын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов бақылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқу-жаттығу ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың басшылығымен өткізілуде. Жаттығу сценарийі бойынша шілденің 22-сі күні таңғы сағат 7-де Алматы қаласының оңтүстік-шығысынан 40 шақырым жерде 9 балдық жер сілкінісі орын алды. Алматы қаласында жер дүмпуі 8-8,5 балл болды. Аса ауыр төтенше жағдай орын алғандықтан Алматы қаласы, Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай аудандарында ҚР Президентінің Жарлығымен төтенше жағдай жарияланды. Жер сілкінісі орнына барлық облыстар мен Астана қаласының азаматтық қорғаныс күштері, қарулы күштердің бөлімдерін жіберу, зілзала зардаптарын жою шешімі қабылданды. Осы сценарий бойынша Алматы облысының Қарасай ауданының Теректі ауылында барлық облыстар мен Астана қаласының республикалық далалық жедел штабы орналастырылып, арнайы шаралар өткізілді. Онда құтқару, апатты жою, жарақат алғандарға көмек көрсету бойынша арнайы шаралар ұйымдастырылды. Жалпы жаттығуға 500 адам, 152 арнайы техника, 2 МИ 8 тікұшағы, 1 Ту 134 ұшағы қатыстырылды.
Жаттығуды бақылаған Серік Ахметов республикалық далалық жедел штаб орналасқан аумақты аралап, облыстардың жедел апаттық орталықтарымен, арнайы құрал-жабдықтармен, жылжымалы басқару қосындарымен танысты. Сондай-ақ жедел топ жетекшілерімен кеңес өткізді. Ол өз сөзінде жаттығудың өте қажетті екендігіне тоқтала келіп, бұндай жағдайға кез келген уақытта дайын болуымыз қажеттігін, облыстар мен мемлекеттік органдардың төтенше жағдайға арналған қорларын 1 есеге дейін өсіру керектігін айтты. Жаттығу жұмысына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Амандық Баталов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко атсалысты.
Бүгін кешке Серік Ахметовтың қатысуымен Алматы әкімдігінде жаттығуға арналған республикалық арнайы кеңес өткізіледі.