Алматы мен Астананың аудандық соттарында азаматтық істерді қарау деңгейі төмен - М.Әлімбеков

Бұл туралы бүгін Жоғарғы сот өкілдері мен оның аймақтық органдарының биылғы жылдың жартысында атқарған жұмыстарына баға берген Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, республикадағы әрбір қаралған 100 істің 93-і бірінші қабылданған деңгейінде, яғни аудандық сотта қалып жатыр. Оларға ешкім де шағым беріп отырған жоқ. Әрбір 100 қылмыстық істің 73-і бойынша шығарылған үкімдерге ешкім шағым келтірмеген. «Ал қалған 30 пайызына шағымданушылар бар. Олай болса, осы 30 пайыздың өзі біз үшін ойланатын мәселе. Мен бүгін сот органдарының осындай жетістіктерін атай келе, олардың қызметіндегі кейбір кемшіліктерге де тоқтала кетуді жөні деп білемін», деді Жоғарғы сот төрағасы.
Оның деректеріне қарағанда, Маңғыстау облысының экономикалық сотында сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы жақсарар емес. Онда өткен аппеляциялық және қадағалау тәртібіндегі шешімдерге қатысты көрсеткіштер республика көлеміндегі ең төменгі деңгейде. Сонымен қатар төраға Батыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарының экономикалық соттарының жұмысын сынға алып, олардың жұмыстарын алдағы уақытта жақсарту қажеттігін ескертті. Ал Алматы мен Астананың аудандық соттарында, сонымен қатар әскери соттарда азаматтық істерді қарау деңгейі төмен.