Алматы мен Бейжің: Бүгін XXIV қысқы Олимпиада қай қалада өтетіні белгілі болады

Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ХОК 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Алматы мен Бейжіңнің қайсысы лайық екені анықталатын болады. ХОК мүшелерінің таңдауы Алматыға түсе ме, әлде Қытай астанасы Бейжіңге түсе ме, оны барша қазақстандықтар «Kazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көре алады.
31 шілде күні сағат 15:00-де Алматыдағы Абай алаңында Куала-Лумпурда өтетін Халықаралық Олимпиада Комитетінің сессиясынан тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары аталған уақытта Алматы кандидатурасын қолдау үшін алаңға жиналмақ. Ал Алматыны қолдау үшін еліміздің көптеген танымал спортшылары Малайзияға аттанып кетті. Олардың қатарында бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев және конькиден әлем чемпионы Денис Кузин, Сочидегі қысқы Олимпиаданың жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, танымал волейболшы Сабина Алтынбекова және тағы басқа белгілі спортшылар бар.
Еске сала кетейік, әлемдік маңызға ие айтулы спорт додасын өткізу үшін әуел баста әлемнің оншақты елі өз өтініштерін білдірген. Алайда, уақыт өте келе көпшілігі өтінімдерін кері қайтарып алды. Соңында екі қала - Алматы мен Қытай астанасы Бейжің қалалары үміткер ретінде қалды.
Қарсыласымыз осал қала емес екені айтпасақ та белгілі. Олар 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткізді. Жазғы Олимпиада өткізуге мүмкіндігі болған елдің қысқы Олимпиаданы өткізуге де қауқары жететіні анық. Бірақ, Алматы да барлық талаптарға сақадай-сай деуге болады. Әйткенмен, бақ шаба ма, бап шаба ма, мұны санаулы сағаттардан кейін білетін боламыз.