Алматы мен Қонаев арасында арнайы экономикалық аймақты Сингапур компаниясы жобалап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының кулуарында Алматы мен Қонаев арасына салынатын арнайы экономикалық аймақтың бас жоспары қашан дайын болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы мен Қонаев арасында арнайы экономикалық аймақты Сингапур компаниясы жобалап жатыр

«Бұл жоба Алматы облысында G4 City деп аталатын арнайы экономикалық салуды көздейді. Білетін шығарсыздар, Алматы қаласы мен Қонаев қаласының арасындағы аралық қазір G4 City деп аталады. Бұл аумақ төрт ауданнан тұрады. Әр ауданның өзіне тән саласы бар. Сингапурдың «Surbana Jurong» атты мемлекеттік компанииясы арнайы экономикалық жобаның жоспарын әзірлейді. Бұл компания 2019 жылдан бері Қазақстанға жобаның шеберлік жоспарын әзірлеуге тыңғылықты түрде көмектесіп келді. Шеберлік жоспары былтыр жыл соңында Президенттің Жарлығымен бекітілген. Енді осы арнайы экономикалық аймақты егжей-тегжейлі жоспарлауға көштік. Қазірдің өзінде арнайы аймақтың аумағы бойынша өңірде алғашқы орындардың біріндеміз деп үміттенуге болады. Өйткені біздің жобаға бөлініп отырған 30 мың гектар аумақ «Surbana Jurong» компаниясы Қытайда салған аймақтардан әлдеқайда үлкен. Сондағы ең танымал индустриялық аймақтардың бірінің аумағы 7 мың гектар. Бірақ біз санмен бірге сапаға да көңіл бөлеміз», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақ Алматы облысы мен Алматы қаласының 2047 жылға дейінгі өсімін ескере отырып жсопарланған.

«Мәселен, 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде шамамен 3,7 трлн теңге инвестиция тарту, 17 трлн теңгеден астам тауарлар мен қызметтер өндіру және 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда. Тұтастай алғанда, жаңа экономикалық аймақтың әрекеті G4 City-де туристік, медициналық, көлік-логистикалық, білім беру және мәдени-демалыс инфрақұрылымының жедел дамуына әкеледі деп күтілуде. АЭА режимі сонымен қатар объектілерді салуға арналған күрделі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», - деді Рустам Исатаев.