Алматы мен Қостанайда жеке тұрғын үйлер өртеніп, 68 адам қауіпсіз жерге көшірілді
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Алматы мен Қостанай қалаларында жеке тұрғын үйлер өртке оранып, 68 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жаудан зардап шеккендер бар, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Бүгін түнде Алматыда 6-шы ықшам ауданындағы № 12-көпқабатты тұрғын үйді жалын шарпыды. Өрт аумағы сегіз шаршы метрді құрады. 15 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өртті ауыздықтау барысында 53 жастағы ер адамның мүрдесі табылды.
Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ Алматы қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметінің 16 маманы мен бір техникасы бағытталды.
Сондай-ақ 16 мамыр күні Қостанай қаласында №2 көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер өртке оранды. Тілсіз жау 15 шаршы метр аумақты шарпыды, 53 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға салдарынан 31 жастағы ер адам мен 30 жастағы әйелді күйік шалды.
Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қостанай облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің 9 маманы мен 3 техникасы жұмылдырылды.