Алматы мен Петропавл арасында жаңа жүрдек құрам пайдалануға берілуде - «Жолаушылар тасымалы» АҚ

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамның техникалық ресурсын жаңарту және нығайту бағдарламасын жүзеге асыру аясында №151/152 «Алматы-2-Петропавл» бағытына 31 «Тұлпар-Тальго» вагонынан тұратын жаңа жүрдек құрамды пайдалануға беруде.

Алматы мен Петропавл арасында жаңа жүрдек құрам пайдалануға берілуде - «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Осыған орай, 2013 жылдың 1 мамырынан бастап №151/152 «Алматы-2-Петропавл» бағытындағы «Жетісу» жүрдек пойызы күнделікті қатынауға ауысуда. Пойыздың Алматыдан Петропавлға дейінгі жүру уақыты 18 сағат 45 минутты, кері бағытта 18 сағат 54 минутты құрамақ.

Пойыздың жаңа құрамы 22 «Турист» санатты (төрт орындық), 2 «Бизнес», 2 «Грант» вагондарынан құралған. Сондай-ақ, пойызда 1 мейрамхана вагон, 1 вагон-бар мен 3 техникалық вагон қамтылған.

«Аталмыш бағыттың артықшылығы - жолаушылар Алматыдан Бурабай және Көкшетау курорттық аймағына пойыз ауыстырмай, бір құраммен діттеген жеріне жете алады. Бұған дейін олар Астанада басқа пойызға ауысып отырулары керек еді»,-делінген таратылған хабарламада.

Астанадан Алматыға және кері бағытта сапарлап жүрген жолаушылар үшін бұл жүрдек пойыздың қосымша маршруты, өйткені жазғы маусымда екі үлкен қала арасындағы қатынас үлкен сұранысқа ие.

Атап өтер жәйт, үстіміздегі жылдың сәуірінен «Жолаушылар тасымалы» АҚ аталмыш пойыз вагондарында жол жүруге 20 пайыз жеңілдіктер енгізді.