Алматы мен Шарм-эль-Шейх қалалары арасында әуе рейсі ашылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Таяу уақытта Алматы мен Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласы арасында тікелей әуе байланысы ашылады.
Қазір осы бағытта екі ел арасында келіссөздер жүріп жатыр.
Бұл туралы бүгін Алматыда Мысыр мен Қазақстан арасында туристік салада ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне арналған баспасөз мәслихаты барысында Мысырдың Туризм әкімшілігінің бөлім басшысы Ахмед Шукри мәлім етті.
«Таяу уақытта Алматы мен Шарм-эль-Шейх қаласы арасында тұңғыш рет тікелей әуе байланысы іске қосылады. Бұл жерде туристерге арналған арнайы бағдарлама жүзеге асырылады. Билет бағасы - 400-420 АҚШ долларын құрайтын болады. Алғашқы екі ай ішінде баға бұдан да азаяды. Алғашқы кезеңде әуе рейстерін Мысырдың мемлекеттік EgyptAir әуе компаниясы жүзеге асырады», - деді өз сөзінде А. Шукри.
Сонымен қатар, ол өткен жылы қараша айында Мысырдың Синай түбегінде Ресейдің жолаушы ұшағының құлауына байланысты, Мысырға келетін туристер легінің азайғандығын жеткізді. Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері Мысырдың туризм саласындағы табыс 250 млн долларға төмендеген.
Жаңа әуе рейстерін қосу туристер легін көбейту мақсатында қолға алынып отыр. Бұл жерде мысырлық тарап ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлініп жатқандығын, сондықтан туристерді алаңдамауға шақырды. Әуежайлар мен демалыс орындарында күзет барынша күшейтіліп, ол жерлерге орнатылған бейнебақылау камераларының саны арттырылған.