Алматы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 177,2 млн долларға жетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямаданы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 177,2 млн долларға жетті

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуды, сондай-ақ Алматы қаласы мен Күншығыс елінің префектуралары арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға өсті және 177,2 млн долларға жетті. Оның ішінде экспорт - 0,3 млн доллар, импорт - 176,9 млн доллар. Мегаполисте 12 бірлескен және 40 жапондық кәсіпорын тіркелген.

Мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аясында Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ сияқты университеттер мен Жапонияның Цукуба университеті, Токио университеті және тағы басқа ынтымақтастық орныққан.

Қазақстандықтардың «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында жапондық 4 университетте білім алуға мүмкіндіктері бар.

Алматыда 2002 жылдан бастап «Нархоз» университетінің базасында адами ресурстарды дамытудың Қазақ-жапон орталығы жұмыс істейді.