Алматы метрополитені бес жылдығын атап өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы метрополитені іске қосылғанына бес жыл толуын атап өтті. Айтулы мерекелік кешке қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, көпшіліктің қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы әкімі өзінің құттықтау сөзінде метроның пайда болуы кез келген қаланың қуатты дамуымен байланысты екендігін және қазіргі заманғы мегаполисті метрополитенсіз елестету мүмкін емес екендігін айтты.
«Алматы метросының тарихы бар. Оның құрылысы 80-ші жылдардың соңында басталған еді, бірақ Мемлекет басшысының айрықша қолдауының арқасында метрополитен құрылысы Тәуелсіз Қазақстан тұсында жандана түсті. Бұл жоба, тіпті, дағдарыс кезеңдерінде де жалғасын тапты», - деді Байбек.
Пайдалануға берілген сәттен бастап Алматы метросы 40 миллиондай қала тұрғыны мен қала қонағын тасымалдаған. Жыл сайын жолаушылар легі 20 пайызға артуда.
Метро алдағы уақытта батыс бағытында - Абай даңғылынан Яссауи көшесіне дейін дамиды. 2020 жылға дейін «Сарыарқа» және «Достық» деп аталатын екі бекет ашылады. Бұл қаланың халық тығыз орналасқан аудандарын қамтуға мүмкіндік береді. Күнделікті жолаушылар легінің саны - 85 мың адам болады деп болжануда. Сонымен бірге, екі бекеттің - «Қалқаман» және «Батыс» автовокзалының құрылысы жоспарланған. Бұлар іске қосылғанда күнделікті жолаушылар ағыны 120 мың адамнан асады деп күтілуде.