Алматы метрополитенінде оқу орталығы құрылды
«Метрополитен» ҚМК-ның құрамына кіретін оқу орталығының негізгі мақсаты метро қызметкерлерін кәсіби дайындықтан өткізу, біліктілігін көтеру, қайта дайындау, жаңадан орналасқан қызметкерлерді метро жұмысына үйрету болып табылады.
Орталықта Оңтүстік Корея мен ТМД елдерінде тәжірибеден өткен өз еліміздің мамандары дәріс беретін болады.
Орталық оқу сыныптары білім алуға қажетті арнайы заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда сондай-ақ машинистерді оқытуға арналған оқу кешені бар. Кешен жобасын жасауға өз еліміздің және Украина елінің ғылыми-өндірістік ұйымдары жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта іріктеліп алынған болашақ метро қызметкерлері орталықта білімдерін алуда.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы метрополитенінің бірінші кезегі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 1 желтоқсанда пайдалануға берілетін болады. Бұл жолдың ұзындығы - 8,56 шақырым, оған жеті станса кіреді.