Алматы метрополитенінің бұрынғы директоры М. Өкшебаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының №2-ші Медеу аудандық сотында «АлматыМетроҚұрылыс» АҚ бұрынғы бас директоры Мұратбай Өкшебаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Алматы метрополитенінің бұрынғы директоры М. Өкшебаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағанындай, сотталушылар, бюджет тарапынан Алматы қаласының метрополитені құрылысына бөлінген қаржы туралы біле отырып, өзара қылмыстық келісімге барған. Сөйтіп, метрополитен құрылысына сатып алынатын кабельдік өнімдердің бағасын арттыру арқылы, бюджеттік қаржыны жымқыру үшін қылмыстық жоспар құрған.

2010-2012 жылдары аралығында олар өздерінің қылмыстық әрекеттері арқылы 2,5 млрд. теңгені қалтаға басады. Одан басқа, сотталушылар қылмыстық жолмен алынған ірі көлемдегі ақшаларды жасыру үшін бірнеше рет ақшалай мәмілелер жасаған.

Сонымен, сот үкімімен М. Өкшебаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176-шы бабының 4-ші тармағының «б» пунктінде (алдын ала келісім бойынша топ құрып, бөтен мүлікті иеленiп алу немесе ысырап ету, яғни кiнәлi адамға сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ірі көлемде ұрлау) және 193-ші бабының 3-ші тармағының «а» және «б» тармақшаларында (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыру (жылыстату) қарастырылған қылмыстарды жасағандығы үшін айыпты деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтейтін болады. Сондай-ақ, сотталушы бес жыл мерзімге дейін мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.