Алматы метросы жолаушының өтінішін ескеріп, жұмыс уақытын өзгертті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы метросы бұдын былай 10 минутқа ерте ашылатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Метрополитен» МКК Айгүл Ешмағанбетова айтты.

Алматы метросы жолаушының өтінішін ескеріп, жұмыс уақытын өзгертті

«Мамырдан бастап жерасты көлігінің жұмыс кестесі өзгерді. Бірінші пойыз 6.20-да келетін болды. Бұған дейін метро таңғы сағат 6.30-да ашылатын болған. Бұл өзгерістің пойыздардың жүру кестесіне қатысы болмайды», - деді ол.

Оның айтуынша, бұған бір жолаушының метрополитен сайтына жазған өтініші себепкер болған.

«Жолаушы 6.30-да метроға кірген соң, билет алып, жүрдек баспалдақпен түскенше біраз уақытын жоғалтып, 6.34-те аттанатын пойыздан үнемі кешігіп қалатынын жеткізген еді. Ол кісінің өтінішіне орай біз метроның ашылу уақытын өзгерттік. Енді жолаушылар метроға асықпай келіп, пойыздарына асықпай жайғаса алады», - деді А.Ешмағанбетова.