Алматы метросының вагондарында мүгедектер мен жүкті әйелдерге арналған орындар пайда болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 6 сәуірінен бастап, Алматы метрополитенінің вагондарында мүгедектер, зейнеткерлер, жүкті әйелдер және балалары бар жолаушыларға арналған арнайы орындар белгіленді. Бұл туралы бүгін «Метрополитен» мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз қызметінен хабарлады.
Арнайы белгіленген орындарды жолаушылар ақпараттық баннерлер арқылы біле алады. Олар вагон орындықтарының үстіңгі жағына жапсырылған. Халықтың жекелеген санатына жататын азаматтар үшін Метрополитеннің бүкіл жылжымалы құрамында барлығы 168 орын қарастырылды.
«Қазір бізде жолаушылардың көбейгені байқалып жатыр. Бүгінгі таңда Алматы метросы тәулігіне 41 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды. Осыған байланысты, мүгедектер, зейнеткерлер, жүкті әйелдер және мектеп жасына дейінгі балалары бар жолаушылар үшін арнайы орындар белгілеу туралы шешім қабылданды. Әрине, бұл орындарға басқа да жолаушылардың отыра берулеріне болады. Бірақ, вагондарға жоғарыда аталған санаттағы азаматтар мінген жағдайда басқа жолаушылардан оларға орын беруін сұраймыз», - деді «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Айдын Оразханов.

