Алматы облыстық полициясы жас қызды педофилден құтқарған оқушыға құрмет көрсетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының полиция қызметкерлері Тимурбек Жамаладдиновқа грамота мен Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленіп, аты жазылған қолсағат табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полициясы жас қызды педофилден құтқарған оқушыға құрмет  көрсетті

«Тимурбек өзінің осындай азаматтық ұстанымының арқасында бүкіл елге танымал болып отыр. Ауылдың қарапайым баласының бұндай қадамы шындығында оның батырлығы мен батылдығын көрсетеді. Сонымен қоса, біз баланы тәрбиелеген ата-анаға да алғыс айтамыз. Оның әкесі Тахир мен анасы Ынтызар балаларын көмекке зәру адамға қамқор болуға тәрбиелеген. Бұл баршамызға үлгі», - деді Еңбекшіқазақ ауданы Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары  Мақсат Кәрібаев.

 

Еске сала кетейік, 14 сәуір күні Алматы облысының Түрген ауылында мектептен қайтып келе жатқан 8 жасар қызға бейтаныс азамат тап берген. Оқиға орнында кездейсоқ тап болған мектеп оқушысы Тимурбек Жамаладдинов педофилден баланы құтқарып, кейіннен қаскөйді ұстауға да көмектескен.

Тимур Жамаладдинов - Түрген ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы. Ол осы ерлігі арқылы елімізге танымал болды.