Алматы облыстық ТЖД-ның бұрынғы бастығына сот үкімі шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы бастығы жемқорлыққа қатысты қылмысы үшін қомақты айыппұл арқалады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық ТЖД-ның бұрынғы бастығына сот үкімі шықты

Қылмысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті ашқан. Хабарланғандай, Алматы облысының ТЖД бастығы болған Д. Байсариевқа және Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің кадр жұмысы бөлімінің бастығы Б. Омаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жақында аяқталған.

«Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының үкімімен Д. Байсариев пара алуда кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылып, параның 35 еселенген сомасын, яғни 10,5 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ ол азаматтық қорғау полковнигі атағынан айырылды. Ал қылмыс жасаудағы сыбайласы - Б. Омаров парақорлықта делдал болуда кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, параның 10 еселеген сомасы - 3 млн теңге айыппұл арқалады. Сотталушы сондай-ақ азаматтық қорғау подполковнигі атағынан айырылды», - делінген агенттіктің хабарламасында.