Алматы облысы: Көктал өзенінің 7 нүктесінде қар көшкіні болған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті Жетісу Алатауы тауларындағы Қора, Көксу, Қорғас өзендерінің бастауларында орналасқан мұздықтарға аэровизуалды шолу жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысы: Көктал өзенінің 7 нүктесінде қар көшкіні болған

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көшкін қаупі бар және мореналық көлдердің жай-күйін тексеру мақсатындағы бұл шара «Қазселденқорғау» мекемесінің «Жетісу Алатауы өңірлік пайдалану басқармасы» филиалымен бірлесіп бірлесіп ұйымдастырылған. Аэровизуалды шолу Талдықорған қаласының әуежайынан еурокоптер - ЕС145 тікұшағымен жүргізілген.

«Бүгінгі таңда 2 500 метрден астам биіктіктегі таулардың оңтүстік беткейлеріндегі қардың қалыңдығы 30-40 см екен. Ал солтүстік жағында 1 метрден 1,5 метрге дейін жетеді. Панфилов ауданы аумағындағы қардың қалыңдығы жылдық нормадан аз, су өтімдері таза, транзиттік түрде екені анықталды. Ауа температурасы 2 500 метр биіктікте +3,5 градус болса, 3 400 метрде +1 болып тұр, 3 800 метрде 0-ден 5 градус төмен», - делінген хабарламада.

Онда қазір гидрологиялық жағдай қалыпты екені де жазылған. Сондай-ақ Кербұлақ ауданы мен Көктал өзені арнасының 7 нүктесінде қар көшкіні түсу деректері тіркелген. Алайда, елді мекендерге қауіп жоқ.