Алматы облысы мен ШҚО Достық үйлері ынтымақтастыққа әзір

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 21-сессиясында қабылданған шешімдерді жүзеге асырудағы Достық үйлерінің рөлін Семейдегі қалалық достық үйіндегі дөңгелек үстелге қатысушылар талқылады, оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ШҚО мен Алматы облысы Достық үйлері мен этномәдени орталықтарының өкілдері қатысты.

Алматы облысы мен ШҚО Достық үйлері ынтымақтастыққа әзір

ШҚО бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары достық үйлерінің арасында практикалық бай тәжірибе жинақталғанын атап өтті. Дөңгелек үстелдегі кездесулер екі облыс арасындағы ұлттық мәдени орталықтар мен достық үйлері арасындағы бұрынғыдан да тығыз байланыстарды жолға қоюға және бірлескен жұмыстың басымдықты бағыттарын пысықтауға көмектесетін болады.

«Шығыс Қазақстан облысында тоғыз Достық үйлері жұмыс жасайды, олар қалаларда ғана емес, аудандарда да бар. Өскеменде республикада алғашқы болып этноауыл ашылды, «Ассамблея хабаршысы» сияқты мерзімді баспасөз құрылды, ғылыми-сарапшылық топ жұмыс істейді. Жиырма жылға жуық уақыт бұрын Достық үйлерін құру жөніндегі жұмыстар басталған болатын, енді біз ардагерлеріміздің игілікті жұмыстарының жемісін көріп отырмыз. Олардың салып кеткен берік іргетасының арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Біз өңірімізде тұратын әртүрлі ұлыстарды біріктіре алдық, олар еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өз үлестерін қосуда, - деді Еркінбек Аязбаев. - Сонымен бірге облыстың этномәдени орталықтары Ресей, Қытай, Моңғолия және Татарстан сияқты басқа мемлекеттердің шекаралық аймақтарымен белсенді ынтымақтасуда».

Кездесу қожайындары Алматы делегациясының өкілдеріне РФ-ның Алтай өлкесімен, Татарстанның көптеген өңірлерімен тығыз ынтымақтасып отырғаны туралы әңгімеледі. Татар мәдени орталығының төрайымы Камилия Исмаилова және орыс әлеуметтік-мәдени орталығының төрайымы Надежда Козырева ынтымақтастықтың бұл қырлары қалай нығайып отырғаны жайлы әңгімеледі.

Өз кезегінде Алматы облысы ҚХА төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай шығысқазақстандықтарға Алматы облысы Достық үйлерінің даму тарихы туралы айтып берді және этнобірлестіктермен жұмыстағы жетістіктерімен бөлісті, екі облыстың одан әрі ынтымақтастығының жолдарына баса назар аударылды. «Бүгін Семейге 50 адамнан тұратын үлкен делегация келді, олардың арасында Достық үйлерінің басшылары, ҚХА мүшелері және этномәдени орталықтар өкілдері және біздің ақсақалдарымыз бар. Екі өңірдің ортақ мүдделері, соның ішінде экономикалық, әлеуметтік және білім салалары бар, сондықтан да сіздің қалаға келуіміздің маңызы зор», - деп атап көрсетті Ғ.Тұрсынбай.

Дөңгелек үстелден кейін Семейдің этномәдени орталықтарының жетекшілері қонақтарды қолданбалы өнер көрмесімен, әдістемелік материалдармен таныстырды, ал кешке Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары шығармашылық ұйымдарының, эстрада жұлдыздарының үлкен гала-концерті өтті, деп әңгімеледі шараға қатысушы Антонина Ботячкова.