Алматы облысында 10 жатақхана салынады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Алматы облысында студенттерге арналған 10 жатақхана салынады. Оның екеуін облыс аумағында орналасқан екі жоғарғы оқу орнына, қалған сегізін колледждерге салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында 10 жатақхана салынады

Бұл жөнінде Алматы облысы əкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында жасаған баяндамасынан мәлім болды.

Баяндамашының айтуынша, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің 1000-нан астам студенті пәтер жалдап немесе жақындарының үйінде тұрады. Ал қазіргі жатақханаларда 524 тәлімгерге ғана орын бар. Студенттердің жағдайын жақсарту мақсатында 500 орындық заманауи жатақхананы осы білім шаңырағына салу қажет. Сол сияқты Сүлеймен Демирель университетіне 2024 жылға дейін 1000 орындық жатақхана салу көзделген. Облыстағы 8 колледж жатақханасына жер телімі қарастырылып отыр. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын реттеуге 16 млн теңге бөлінген.

«Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен 438 студент әкім грантына оқып жатыр. Олардың 89-ы медицина, 227-сі педагогика, 23-і ауыл шаруашылығы, 21-і мәдениет саласында және қалған 78 студент басқа салаларда білім алуда. Сондай-ақ екінші жыл қатарынан өңірдегі кадр тапшылығын азайту мақсатында 100 грант бөлініп отыр»,- деді А.Байжанов.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының нəтижесінде Алматы облысында 17 мың мектеп түлегінің 5198-і грант иегері атанды.

Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1334 адамға артық.