Алматы облысында 100-ден асқан 61 қария сайлауда дауыс берді
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында 100-ден асқан қариялар сайлауда белсенділік танытуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«104 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғали Жансерікұлы, Кербұлақ ауданындағы Алтынемел ауылдық округінің тұрғыны, 103 жастағы Батан Сапарғалиева сынды ата-апаларымыз алғашқылардың бірі болып сайлауда белсенділік танытты. Қазір Алматы облысы бойынша 100-ден асқан 61 қария сайлауда өз таңдауын жасап, дауыстарын беріп үлгерді», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Қарттардың басым бөлігі үйден дауыс берген. Оларға сайлау учаскелерінің жылжымалы жәшіктері қарастырылған. Жалпы, барлық сайлау учаскелерінде комиссия сайлауға өздігімен келе алмағандарға қызмет көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен соғыс ардагерлерінің де өз таңдауын жасауға септігін тигізді.
Айта кетейік, Алматы облысында тұратын 2 млн халықтың 1 млн 400 мыңы сайлауға қатысуға құқылы. Өңірде 1040 сайлау учаскесі бар. Ол жерде президенттікке үміткерлердің 2100-ден астам сенімді өкілі мен шет елден келген бақылаушылар сайлау барысын қадағалап отыр. Жалпы облыста700-ден астам елді мекен бар.