Алматы облысында 100 мыңнан аса адамға 42 500 теңге тағайындалды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Еліміздегі коронавирус індетіне орай төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған жандарға берілетін 42 500 теңге Алматы облысы бойынша 101,3 мың адамға тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аудандық және қалалық штабтар демалыссыз күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 42 500 теңге көлемінде берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін 328 мыңнан астам адам өтініш берген. Қазіргі таңда аталған әлеуметтік көмек 101,3 мың адамға тағайындалды», - деді Алматы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова.
Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өтініш беру механизмі барынша жеңілдеген. Ешқайда барудың керегі жоқ. Азаматтардың өздеріне қолайлы болуы үшін өтінішті бір ғана электронды форматта беруге болады. Алматы облысының тұрғындары әлеуметтік төлемді алу үшін «Электронды үкімет» веб-порталы немесе 42500 Enbek.kz сайты арқылы, сондай-ақ әрбір өңірге жасалған телеграм ботында мына сілтеме арқылы берулеріне болады -https//t.me/ AlmaObl42500Bot.