Алматы облысында 11 оқушы сабақ үстінде уланып қалды
Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен мәлім еткендей, Орымбетов атындағы орта мектепте 7-сыныпта оқитын 11 бала уланған.
«Медицина қызметкерлерінің мәліметі және зардап шеккендерді алдын ала сұрастыру бойынша, 2018 жылдың 12 желтоқсанында Қаракемер ауылының дәрігерлік амбулаториясына 7 «Б» сыныбының 11 оқушысы жүрек айну, құсу, бас ауруы, сондай-ақ құрысу түріндегі ішінің ауыруы, делириялық жағдай диагнозымен түскен. Сонымен қатар үшеуінде қол және беттерінде бөртпелер пайда болып, екеуінде тырысу белгілері анықталды», - деп мәлім етті Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен.
Атап өтілгендей, барлық оқушыларға алғашқы медикосанитарлық көмек көрсетілген. Кейін медициналық қызметкердің ілесуімен санитарлық көлікпен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген.
Балалар денсаулық жайдайларының нашарлауын химия сабағында зертханалық жұмыстарды жүргізумен байланыстырған. Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті алдын ала тексеруді бастады.
Оның барысында мектеп пен химия кабинетінің санитарлық ережелерге сәйкестігі, химиялық реагенттерді сақтау және пайдалану тәртібінің орындалуы тексерілетін болады. Сондай-ақ кабинет ауасында зиянды химиялық заттардың бар-жоғын анықтау үшін лабораториялық зерттеу жүргізіледі.
«Жоспардан тыс тексерудің аяқталу қорытындысы және қолданылған шаралар бойынша қосымша ақпарат берілетін болады», - делінген таратылған хабарламада.