Алматы облысында 117 келі заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады. Олардан 117 килограмм заңсыз балық тәркіленді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр күні Алматы облысы аумағында табиғатты қорғау органдарымен бірлескен арнайы іс-шара барысында Ұйғыр ауданының полицейлері заңсыз балық аулаған 3 азаматты ұстады. Браконьерлер мінген «Тойота-Ланд Крузер» автокөлігінің жүксалғышынан ұсталған балықтар мен балық аулауға арналған құрал-жабдықтар табылды.

«Облыстық «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Ұйғыр ауданында жүргізілген шара кезінде 28, 35 және 42 жастағы үш жергілікті тұрғын ұсталды. Олардың көлігінен 117 килограмм балық пен резеңке қайық және балық аулайтын ау табылып, тәркіленді. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деді Алматы облысы ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау инспекторы Бағлан Рымжанов.
Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, браконьерлер келтірген материалдық шығын 420 мың теңгеден асқан.
Сонымен қатар, күдіктілерден тәркіленген балықтар арнайы балық қабылдағыш орындарға өткізілді және одан түскен қаржы мемлекет пайдасына аударылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы облыс аумағында 2020 жылдың 15 сәуірінен мамыр айының соңына дейінгі аралықта жүргізіледі. Шара балықтардың уылдырық шашу кезінде жаппай ұсталуының алдын алу, табиғи байлыққа қол сұғушылықты болдырмау мақсатында өткізілуде. Арнайы маусым барысында тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 80 астам дерегін әшкереледі. Оның ішінде 12 дерек бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды.