Алматы облысында 1500 орындық 7 мектеп салынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында үш ауысымды мектептер проблемасы 2025 жылға дейін жойылады. Сол үшін 1500 орындық 7 мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет отырысында өңірде Жұмыспен қамтудың жол картасы қалай іске асып жатқанын баяндаған облыс әкімі Амандық Баталов осындай мәлімет ұсынды.
«2025 жылға инфрақұрылымдық жобалар тұрақты жұмыс орындарын құра отырып үш ауысыммен оқытатын мектептерді жоюға бағытталады. Бүгінде 1500 орындық 7 мектептің сметалық құжаттары дайындалды, жер телімі бөлінді. Конкурс аяқталып, құрылыс жүргізу үшін келісімшарттар жасалды. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлуді жеделдетуді сұраймын», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының берген дерегі бойынша, 2025 жылға дейін Алматы облысындағы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асатын жобаларын қаржыландыру лимиті 31,8 млрд теңге болып бекітілген екен. Оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд теңге, шағын несиелендіруге 2 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешенінің жобаларын несиелендіруге 14,3 млрд теңге және бизнесті қолдауға 2,4 млрд теңге қарастырылған.
«Облыстың агроөнеркәсіп кешінінде биыл 29 млрд теңгеге 24 нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Бәйтерек» холдингінің жеңілдетілген несиелері жобаларды жүзеге асыруға жақсы қолдау болады. Мысалы, бүгін 18,8 млрд теңгеге 9 жоба қаралуда», - деді Амандық Баталов.