Алматы облысында 151 шетелдік азамат елден шығарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері «Мигрант» алдын алу шарасы аясында 400-ден астам заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысының тәртіп сақшылары 1-5 ақпан аралығында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізді.
Арнайы шараның басты мақсаты – елімізге келген шетелдіктердің қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауын бақылау, тиісті рұқсатын беру және азаматтық алу ісіне қолдау көрсету.
«Бес күн ішінде еліміздің заңнамасын бұзудың 422 дерегі әшкере болды. Заң талаптарын өрескел бұзған 151 шетелдік азамат елден шығарылды. Жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 80 адам қабылдау-тарату орнына қамалды. Елімізде жүріп-тұру құқығы жоқ 13 ТМД азаматы ел шекарасынан шығарылды» дейді Алматы облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.
Жедел шара барысында полицейлер заңсыз көші-қон ұйымдастырудың 3 дерегін анықтаған.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр.
Сонымен қатар, 183 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әртүрлі сомада айыппұл төлеуге міндеттелді.