Алматы облысында 17,4 млрд теңге тиімсіз игерілген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Есеп комитеті Алматы облысында 17,4 миллиард теңге соманың қаржылық бұзушылықтарын анықтады. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Есеп комитетінің 2016 жылға арналған аудиторлық шаралардың тізімін бекіту аясында, 2016 жылдың 7 қараша мен 15 желтоқсан аралығында Алматы облысында бюджеттік қаражатты игеруге қатысты мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит нәтижесі бойынша, 17,4 миллиард теңге соманың қаржылық бұзушылықтары анықталды. Бюджеттік қаражатты тиімсіз игеру - 12,8 млрд теңге, сонымен қатар 27,5 млрд. теңгеге 54 процедуралық қателіктер орын алған», - деп атап өтті ол Астанада Есеп комитетінің отырысында.
Оның мәліметтері бойынша, аудитке жалпы 2015 жылы және 2016 жылдың 9 айында республикалық бюджеттен бөлінген 38,9 млрд теңгеге жүзеге асырылып жатқан аймақтағы 21 нысан іліккен. Сонымен қатар 28,3 млрд теңге қаражат талданған.
«Алматы облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалануда жүйелі олқылықтар орын алған, мақсатты трансферттерді игеру барысында әкімшілік тарапынан мониторинг пен бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген», - дейді Т.Жақан.
Есеп комитеті мүшесінің айтуынша, аудит кезінде мердігерлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу және тауарларды жеткізу есебінен, сондай-ақ бухгалтерлік есеп пен есептілікті жөнге келтірудің арқасында бюджетке 10,8 млрд теңге қайтарылды.
«Әкімшілік өндірісті қозғау үшін заң бұзушылықтардың 5 фактісі бойынша материалдар тиісті атқарушы органдарға жолданды. Барлық бес факті бойынша лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге Алматы облысы әкімдігі бюджеттік және өзге заңнаманы бұзуға жол берген 13 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік жаза қолданды», - деп атап өтті Т.Жақан.