Алматы облысында 2,2 млн тонна қысқы мал азығы дайындалды

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында 2, 2 млн тоннадан астам қысқы мал азығы дайындалды. Бұл қажетті мал азығының 79,1 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, күзгі жиын-терін науқанында мал азығын дайындау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл сайын мал басының саны 3-4%-ға өсуін ескере отырып, Алматы облысында 2023-2024 жылдарға 2 791,4 мың тонна жем-шөп қорын дайындау жоспарланды.
«2023 жылы облыста 665,2 мың бас ірі қара, 2 354,6 мың бас қой-ешкі, 218 мың бас жылқы, 7,1 мың бас түйе қыстауға шығады деп жоспарланған. Бүгінде 2 207,1 мың тонна мал азығы дайындалды (79,1%), оның ішінде 1506,5 мың тоннасы шөп (87,8%), 183,8 мың тоннасы пішендеме (86%), сабан 163,8 мың тонна (66,5%), сүрлем 175,4 мың тонна (56,3%), 177,6 мың тоннасы жем (58,7%)», - деп атап өтті өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры бар шаруалар Балқаш ауданында шөптің бағасы тым қымбаттап кеткенін тілге тиек етті.
Айтуларынша, жем-шөп өзге аудандарға сатылып жатыр. Жергілікті халыққа жоңышқаның 1 бумасы 4-5 мың теңгеге берілсе екен деген тілектері бар.
Ал жергілікті билік қарапайым халыққа шаруалармен келісіп шөпті 4 мың теңгеден алып беріп жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар