Алматы облысында 24 табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапқа тартылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпара – Алматы монополистері тұтынушыларға 1 млрд. теңгеден аса қаржы қарыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті, монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы 2019 жылғы есептеріне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, бірқатар бұзушылықтарды анықтады.
Айта кетсек, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындамағаны, сондай-ақ есептерді ұсынбағаны үшін, 24 табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 5 401 042 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Тұтынушыларға қайтарылуы тиіс қаржы көлемі – 1, 16 млрд. теңгені құрайды, соның ішінде:
- кірме жолдар саласында – 9,83 млн. теңге;
- сумен жабдықтау саласында – 72,92 млн. теңге;
- су бұру саласында – 56,77 млн.теңге;
- суды арналар бойынша беру саласында – 42,73 млн.тенге;
- электр энергиясын беру саласында – 22,23 млн.теңге;
- жылумен жабдықтау саласында – 954,38 млн.теңге;
«Сондай-ақ, бүгінгі күні бірқатар табиғи монополия субъектілеріне қатысты тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындамағаны және есептерді ұсынбағаны үшін, тиісті ден қою шаралары қабылдануда»,-делінген хабарламада.