Алматы облысында 275 мың адам шағын және орта бизнеспен айналысады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында 275 мың адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Бұл туралы өңір әкімі Амандық Баталов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 125 мыңға жетті, ал осы салада 275 мың адам жұмыс істейді. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11% өсіп (1,8 трлн теңге), ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34%-ға жетті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған салықтық жеңілдіктер, жалға алу төлемдерінен босату түріндегі шаралар оң ықпалын тигізді», - деді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Мысалы, жыл басында Талдықорған қаласында аз қамтылған және көпбалалы аналарды жұмысқа тарту мақсатында тігін цехы ашылды. «Жетісу» ӘКК арқылы цехқа орын тауып, күрделі жөндеуден өткізіп, лизингінге құрал-жабдықтар сатып алынған. Қазір бұл шағын фабрикада 17 әйел жұмыс істеп жатыр, соның 12-сі «Еңбек» бағдарламасымен оқыған.
«Мұндай мысалдар бізде аз емес, осындай ұсыныс-бастамаларды біз әрқашан қолдаймыз. Биыл «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жетісу» өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 21 млрд теңгеге дейін артты. Екі мыңға жуық субъектіге мемлекеттік қолдау көрсетіледі, 13 мың жұмыс орны құрылды және сақталады. Облыста 430 нысан «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істейді, бұл сервисті тәулігіне орта есеппен 3 мың адам қолданады. Жалпы осы қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлердің бұрынғы жұмыс ырғағына көшуіне мүмкіндік береді деп сенеміз», - дейді А. Баталов.