Алматы облысында 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық тәркіленді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 346 дерегін анықтаған. Тіркелген деректер бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық тәркіленді

«Биыл табиғат қорғау тәртібін бұзудың 31 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде заңсыз балық аулаудың – 13, заңсыз аң аулаудың 10, ағаштарды отаудың 4, жер қойнауын заңсыз игерудің 3 дерегі бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған соң істер сотқа жолданатын болады»,- деді Алматы облысы ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

Сондай-ақ, 304 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аң аулау тәртібін сақтамаған 200 жуық аңшыға тиісті хаттама толтырылса, заңнама талабын бұзған 67 балықшы айыппұл арқалады.

Тәртіп сақшылары жыл басынан бері браконьерлерден заңсыз ауланған 3 тоннаға жуық балық, 5 қайық пен заңсыз кесілген 6 текше метрден астам ағаш тәркілеген. Сонымен қатар, құқық бұзушылардан 136 дана құрал-жабдық табылған. Оның ішіндегі 30 астам атыс қаруының 9 данасы заңсыз сақталғаны әшкере болды.