Алматы облысында 400 гектарлық алма бағы отырғызылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында 400 гектарлық алма бағы пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында 400 гектарлық алма бағы отырғызылады

Бұл туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында айтты.

«Жалпы құны 75 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жоба іске асырылады. Атап айтсақ, импортты алмастыру аясында «Примаковск» компаниясының жылына 36 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы салынуда. Инвестиция көлемі – 34 млрд теңге. Бір мың гектарға қарқынды бақ салу бойынша құны 33 млрд теңгелік жоба іске асырылуда. Сыйымдылығы 6000 тонна жеміс сақтау қоймасы салынды. Сонымен қатар, биыл 11,4 мың тонналық 4 жеміс сақтау нысанын іске қосу көзделген. 34 млрд теңгеге жеміс-жидек кластерінің инфрақұрылымы салынуда», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, өңірде көкөніс өндірісін дамытуға бағытталған бірнеше жоба іске аспақ.

«Көкөністерді жыл бойында өндіруге көшу үшін 407 гектарға өнеркәсіптік жылыжай іске қосылады. Осылайша облыста жылыжай көкөністерін өндіру көлемі 35 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Ішкі нарықты алмамен қамтамасыз ету мақсатында облыста 400 гектарға жаңа жеміс бағы егіледі. Қайта өңдеу өңдеу кәсіпорындарының қуатын барынша жүктеу үшін 15 бордақылау алаңын және 3 тауарлы сүт фермасын құруды жоспарлап отырмыз. Қабылданған шаралар нәтижесінде биыл 1,4 млн тонна астық, 1 млн тоннадан астам көкөніс және 742 мың тнна картоп жинау жоспарлануда. Сондай-ақ, ет өндірісі 3,9 пайызға, сүт 2,5 пайызға және жұмыртқа өндірісі 4,9 пайызға ұлғаяды», -деді Қанат Бозымбаев.