Алматы облысында 48 мектеп салынады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Биылғы жылы Алматы облысында білім саласының 48 нысанының құрылысы жүргізілмек. Бір жылда бір саланың өзінен осыншама нысанды салу - бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бұл білім мекемелерінің 39-ы биылғы жылы іске қосылса, 9-ының құрылысы келесі жылы да жалғасатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында 48 мектеп салынады

Жалпы 2017 жылға Алматы облысында 353 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 70-і - әлеуметтік бағытта, атап айтқанда білім беру және денсаулық сақтау саласының нысандары, 35-і инженерлік инфрақұрылым нысаны, 31-і ветеринарлық-профилактикалық пункт. Сонымен қатар ішкі істер органдарының 64 нысаны және басқалары бар. Жалпы биылғы жылы бұлардың 288-ін іске қосу жоспарланып отыр.

Биылғы жылы спорт саласы да назардан тыс қалмайды. Жақын арада облыстың елді мекендерінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорттық алаңдар және басқа да маңызды нысандар пайдалануға берілмек.