Алматы облысында 5-сынып оқушысы анасына ренжіп, үйінен кетіп қалған
Көксу ауданының орталығына жақын маңда орналасқан ауылдардың бірінің тұрғыны түн жарымында полицияға хабарласып, 11 жасар ұлының үйге оралмағанын хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары 5-сыныпта оқитын жасөспірімнің анасына ренжіп, түстен кейін белгісіз бағытта кеткенін және бұған дейін бұлай жасамағанын анықтады.
«Жасөспірімнің мекенжайын анықтау үшін барлық полиция жасақтары жұмылдырылды. Оның салдары түрлі қайғылы жағдайға әкелетінін білгендіктен әртүрлі болжам жасалды. Істің жақсы аяқталатынына сендік және ертеңінде жоғалған баланы аудан орталығының көшесінен таптық»,- дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.
Аудандық ювеналды полиция өкілдері жоғалып табылған жасөспірім мен оның анасына түсіндіру жұмысын жүргізді. Жасөспірімге үйден кетіп қалудың соңы жамандыққа әкелуі мүмкін екені және тағы қайталанса, арнайы есепке алынатыны ескертілді.