Алматы облысында 52 жүкті әйел коронавирус инфекциясын жұқтырған

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 52 жүкті әйел коронавирус жұқтырған. Қазір олар барлық қажетті ем-домын қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында 52 жүкті әйел коронавирус инфекциясын жұқтырған

Соңғы тәулікте Алматы облысында 104 адамнан індет анықталған. Оның 20-сы симптомсыз.

Әсіресе қызыл аймаққа енген Алматы қаласымен көршілес жатқан аудандарда жағдай тұрақты емес.

Өңір басшылары алдағы аптада карантиндік шараларды күшейтіп, жаңа қаулы дайындауға кірспек.

«Демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындары мен сауда-саттық және ойын-сауық орыдарының жұмысына шектеу енгізіледі», - дейді облыстық санитарлық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев.

Сондай-ақ оның айтуынша төртінші тоқсанда 1-5 сынып оқушыларына кезекші сыныптарды ғана қалдырып, онлайн оқыту жоспарланған.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың мәліметінше өңірде жыл басынан бері карантин талабын сақтамаған 600-ге жуық жағдай тіркеліп, 38 млн теңгенің айыппұлы салынған.