Алматы облысында 6 мың га жуық жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында 6 мың гектарға жуық жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс жұмысына өңірге жұмыс сапары аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қатысты. Ол атап өткендей, жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйін зерделеу жүйелі шешуді талап ететін елеулі проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Мәселен, Алматы облысының жер қатынастары саласында жер учаскелерінің жетіспеушілігі, жер учаскелерінің нысаналы мақсатының өзгеру тәуекелдері, заңнамада белгіленген 10 сотық жерді алу мүмкіндігінің болмауы, жер учаскелерін бөлу рәсімі ашықтығының жеткіліксіздігі, сондай-ақ жайылымдық алаңдардың болмауы белгіленген.
Алматы облысының төрт ауданында облыс әкімдігімен бірлесіп 5 578 га жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту фактілері анықталды. Олар кейіннен Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, жеке қосалқы шаруашылық пен жеке тұрғын үй құрылысы үшін 56 026 учаскеге бөлінген.
Іс-шара соңында облыс әкімі аппаратқа және басқармалар басшыларына хаттамалық нұсқаулар берді. Сондай-ақ, өңір басшысы қатысушыларға жер мәселесі жеке бақылауда екенін еске салды.