Алматы облысында 7 айда ауыл шаруашылығы тауарларының 519 жәрмеңкесі өтті
АЛМАТЫ. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысында 7 айда ауыл шаруашылығы тауарларының 519 жәрмеңкесі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізілетін бұл жәрмеңкелер соңғы жылдары өз жемісін бере бастады. Мысалы, былтыр Алматы облысы 528 жәрмеңке өткізіп, онда 1 миллиард 45 миллион теңгенің өнімін саудалаған болатын. Оның 417 миллионы аудан орталықтарында, ал 321 миллионы Алматы қаласында жасалды. Биыл алғашқы 7 айда облыс аумағында ғана 519 жәрмеңке өтіп, онда 495 миллион теңгенің өнімі саудаланды. Оның 405 миллионы аудан орталықтарындағы 493 жәрмеңкеде, 90,8 миллион теңгесі Талдықорғандағы "Жерұйық" коммуналдық базарындағы жәрмеңкеде жасалды. Бұдан бөлек, Алматыдағы Астана алаңында өткен жәрмеңкелерде маусымның 27-сі күні 37 миллион теңгенің тауарлары сатылды. Бұл шара одан кейін тамыздың 15-і күні қайта жалғасып онда тағы 37 миллион теңгенің сауда-саттығы жасалды. Алматыда облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің келесі жәрмеңкесі енді қыркүйектің 4-інде өтеді деп жоспарланып отыр.