Алматы облысында 9 провизорлық стационар жабылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 9 провизорлық стационар жабылды. Бұл - Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Көксу аудандарындағы емдеу мекемелерінен ашылған провизорлық орталықтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Коронавирусқа шалдыққандар санының азайып, індеттен жазылғандардың артуына байланысты өңірде 9 провизорлық орталық жабылды.

Алайда бұл орталықтар күз-қыс айларында пандемияның екінші толқыны бола қалған жағдайда қайта жұмыс істейді.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, облыста коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық қызу. Екі айлық дәрі-дәрмек қоры жинақталып, қосымша 50 млн теңгеге қажетті препараттарға тапсырыс берілген.

Сондай-ақ облыстағы емдеу мекемелерінде 300-ден аса өкпені жасанды желдету аппараты бар. Алдағы уақытта оның санын көбейту жоспарланып отыр.

«700-ден артық оттегі концентраторы бар. Өкпені жасанды желдету аппаратын 500-ден асырамыз. Денсаулық сақтау министрлігі қазірдің өзінде 119 аппарат алып береді. 100 аппаратты өзіміз сатып алғалы жатырмыз. Және де гуманитарлық көмекпен бізге түсіп жатыр», - дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар