Алматы облысында адам қағып, қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 54 жастағы әйелді қағып, қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды. Жол апаты Талғар ауданында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір оқиға орнынан бой тасалаған 44 жастағы азамат түсініктеме беруде.
«Жол-көлік оқиғасына куәгерлерді табу мүмкін болмады. Бірақ адам қағу сәті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Соның нәтижесінде мамандар көліктің түсін және маркасын анықтады», деді облыстың полицейлері.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары адам қағып, артынша ізін суытқан көлік жүргізушісінің бұл әрекеті ескерілетінін атап өтті. Оқиға 2-ші қазан күні Талғар қаласындағы көшелердің бірінде болған. Ал зардап шеккен 54 жастағы азаматшаның аяғы сынып, артынша ол ауруханаға жеткізілген.