Алматы облысында адам өлтірді деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында адам өлтірді деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды. Екі айға жуық уақыт іздеуде болған 1986 жылғы тұрғын Алматы қаласындағы жалдамалы пәтердің бірінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күдікті 28 ақпан күні 43 жастағы азаматты пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Ал зардап шегуші ауруханада 2 тәуліктен соң көз жұмды. Оқиға Жамбыл ауданында болған. Полицейлер күдіктіні бірден анықтады. Бірақ, ол оқиға орнынан ізін суытып үлгерген.
«Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің мекенжайын анықтап, қолға түсірді. 1986 жылғы азамат Алматы қаласында пәтер жалдап тұрып жатқан. Күдікті жедел әрекет ету арнайы жасағының өкілдерімен Жамбыл аудандық ІІБ жеткізілді», деді облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі таңда 31 жастағы азамат кінәсін толықтай мойындап отыр. Айғақтық дәлел ретінде оның суық қаруы, яғни пышағы қылмыстық іске тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.